Кеш бойы үй ішін айналшықтап жүрдім. Теледидар қосулы тұрды, бірақ естімеймін. Шәй қойдым — суы қайнап кетті. Телефонымды қайта-қайта қарап қоямын: 6 маусым. Сағат жақындап келеді.
Қанша ақылмен тынышталайын десем де, ішімде бір нәрсе шымырлап тұр. Асаудай тулап. Әжем жайдан жай жазбайды. Күләш апа тірісінде талай нәрсені алдын ала сезетін.
Бір жолы, мысалы, ініме: “Ол жерге барма. Қара жер иіс тартып тұр…” деген. Сол күні інішек көлік апатына түсті. Аман қалды, бірақ сол сөз құлағымнан кетпеген.
Ал мына жолы… мені жазыпты.
Менің өлімімді. Уақытын. Сағатын. Себебін.
23:48. Үй іші тып-тыныш. Терезе жабық. Тек сағаттың тықылы естіледі.
Кенеттен — жарық сөніп қалды.
Әуеде — тоқтың иісі. Бірақ дауыл жоқ. Жаңбыр да жауған жоқ. Кәдімгі жазғы түн.
Телефонға үңілдім. 32% заряд.
Wi-Fi жоқ. Байланыс жоқ.
Ас бөлмеден бірдеңе сықыр етті.
Тоңазытқыш па? Әлде ескі еден бе?
“Бекер қобалжыма… Бұл жай сәйкестік…”, – дедім өзіме. Бірақ денемді суық тер басты.
02:57.
Қол шам таппадым. Бір ғана жіңішке шырақ тауып алдым — бала кезден қалған. Қосып қойдым. Дірілдеп, әрең жанып тұр.
Бөлменің бір бұрышында көлеңке қалыңдай түсті.
Кенет… сылдыраған аяқ дыбысы. Бос аяқ.
Ас бөлмеден шықты.
Еден сықырлай бастады.
Менің бөлмеме қарай жақындап келеді.
Тамағым кеуіп қалды. Айқайлауға оқталдым — дыбыс шықпады.
Жанымда тұрып қалғандай болды. Бірақ шырақ сөніп қалды.
Түнек. Қараңғылық. Тыныштық.
03:11.
Телефон жарқ етіп жанды. 1% заряд.
Сол сәтте — артымнан дауыс шықты.
– Уақытың болды.
Бұл адам дауысы емес. Әйел дауысы да емес.
Бұл… дымқыл, суық сыбыр еді. Сүйекке өтетін.
Қозғала алмай қалдым. Қатты дірілдедім.
Жерге құлап, есімді жоғалттым.
Көзімді ашсам — таң. Терезеден күннің шапағы түсіп тұр.
Сағатқа қарадым — 06:19.
Тірімін.
Бірақ бәрі бұрынғыдай емес.
Бөлме ішінде оның әтірі.
Баяғы — ашық лаванда иісі.
Орнымнан тұрып, сандықты ақтардым. Дәптерді таба алмадым.
Жоқ. Жойылып кеткендей.
Содан бері, күн сайын 03:12-де өздігінен оянып кетем. Сағат дәл соған келгенде — көзім шарасынан шыққандай ашыла кетеді.
Терең дем алсам да — ауа жетпейді.
Және… кейде, сол сәтте… әжемнің иісі қайта оралады.
Бірақ мен енді көзімді ашпаймын.
Бәрін сезем, бірақ қарамаймын.
Өйткені енді білем:
Ол келіп кеткен. Бірақ есікті соңынан жаппапты.
